Главная » Выпускники

Несіпбаев Төлеутай Несіпбайұлы

Несіпбаев Төлеутай Несіпбайұлы

Аудан: Сарысу
Мектеп: Ақтоғай орта мектебі

Мектепті бітірген жылы: 1953

Төлеутай Несіпбайұлы Несіпбаев Биология ғылымдарының докторы, Қазақстан жоғары мектебіне еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Найля Базанова атындағы кафедра меңгерушісі. Егеменді еліміздің зиялы қауымы мен жалпы жұртшылыққа танымал оқымысты-ұстаз Төлеутай Несіпбайұлы Несіпбаев 1938 жылы 10 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Талдыбұлақ ауыл кеңесіне қарасты кейінірек іріленіп Ақтоғай колхозына, соңынан Жаңатас совхозына айналған шағын ғана Серго атындағы колхозда дүниеге келген. Сегіз жылдық мектепті өзі туған Сарысу ауданында бітіріп, орта мектепті Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жақсы біліммен аяқтаған. 1956 жылы ол Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының мал дәрігерлік факультетіне түсіп, 1961 жылы оны үздік бағамен бітіріп шықты. Институт ғылыми кеңесі ұйғарымымен өзі оқыған институттың физиология кафедрасында ұстаздық қызметке қалдырылып, ұлтымыздың ардақты қызы Н.О.Базанова басшылығымен қызмет жолын бастаған. Дарынды жас маман ұстаздық қызметпен қатар ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғалданып, 1967 жылы ірі қара төлінің ас қорыту ерекшеліктері жайлы кандидаттық диссертация қорғап, биология ғылымының кандидаты деген ғылыми атаққа ие болды. Бұл бағытта жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелері Алматы, Ленинград, Қазан, Тәшкент қалаларында өткен физиологтардың сьездері мен конференцияларында баяндалып, ғылыми басылымдарда осы тақырыпта жарияланған жиырмаға жуық еңбектері әріптестері тұрғысынан жоғары бағаланып отырды. Сол кездің өзінде жас ғалымның ғылыми деректеріне Франция, Болгарияның аталған сала бойынша зерттеулер жүргізетін орталықтарынан сұраныстар келіп түскен. Бұл жылдары Төлеутай Несіпбайұлы өзіне тән еңбекқорлығы мен дарындылығының арқасында физиология пәнін оқыту әдістерін, ғылыми зерттеу жұмыстарының қыры мен сырын жете меңгеріп, қатардағы ассистенттен доцент, білікті педагог, қабілетті зерттеуші-ғалым, студент жастар үшін жетекші тәлімгер-ұстаз деңгейіне көтерілді. Ол оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар жануарлар физиологиясы саласында талмай ізденіп, ұзақ жылдар бойына жүргізген ғылыми-зерттеу тәжірибелері нәтижесінде күйіс малының, оның ішінде қой тұқымдарының ас қорту процесіндегі тұқымдық ерекшеліктері мен азықтандыру факторларының әсерімен туындайтын өзгерістер жайлы нақты дәйекті мәліметтер жинақтап, Қазақстан Республикасы мен басқа да көптеген шет елдерге танымал ғылыми-тұжырымдар ұсынған. Бұл бағыттағы зерттеулер ас қорту процесін жандандырудың ұтымды жолдарын қарастыру, сол арқылы организмдегі зат алмасу қарқынын күшейту, демек мал өнімділігін арттырудың тиімді жолдарын іздестіру мәселелеріне арналған. Осы зерттеулер нәтижесі ВАСХНИЛ-дің шығыс бөлімшесінің мал шаруашылығы мен ветеринария секциясында талқыланып мақұлданған соң «Қойдың мес қарыны мен бүйеніндегі ас қортудың физиологиялық параметрлері» атты ғылыми-әдістемелік ұысыныстарда жарық көріп (Алматы 1987), анықтамалық құрал ретінде қабылданған. Зерттеулердің практикалық маңызы зор деректері ғалымның «Қойларды тиімді азықтандырудың физиологиялық негіздері» атты кітабында баяндалып (Алматы, Қайнар, 1980), профессор А.Н.Голиков, академиктер Н.О.Базанова, З.К.Көжебеков және т.б. орыс тілінде жазылған «Ауыл шаруашылығы малдары физиологиясы» атты Одақтық оқулыққа енген (Москва, ВО, Агропромиздат, 1991). Ғалымның ғылыми зерттеулері нәтижесі халықаралық және бұрынғы Одақтың физиолог-ғалымдары форумдары талқысынан өтіп (Душанбе-1966; Алматы-1969-1979; Фрунзе-1971; София -1972; Львов-1977; Баку-1983; Ярославль-1987 т.б) жоғары бағаларын алған. Аталған зерттеулердің ғылыми тұжырымдары докторлық диссертация негізіне алынып, 1990 жылы Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының арнаулы кеңесінде «Азықтандыру жағдайына байланысты биязы жүнді және кроссбредті қойлардың мес қарны мен бүйеніндегі ас қорыту процестері» атты тақырыпқа докторлық диссертация қорғады. Төлеутай Несіпбайұлы 200-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. 1979 жылы оған оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу, қоғамдық саяси жұмыстар мен жоғары білікті мамандар дайындау ісіндегі табыстары үшін «Қазақстан жоғары мектебіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті аттағы беріліп, 1989 жылы ол КСРО Білім комитетінің «Еңбектегі үздік табысы үшін» белгісімен, 1998 «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағымен марапатталған. Адал еңбек, төгілген тер елеусіз қалған жоқ. Профессор Төлеутай Несіпбаев «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалінің, «Құрмет» орденінің, 2006 жылғы «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы гранты» иегері. Т.Несіпбаев Қазақстанда бірінші болып «Жануарлар физиологиясы» атты екі томдық оқулық, орысша қазақша физиология терминдерінің көлемді түсіндерме сөздігін жазып, өзінің шәкірттері Е.Б.Бегайылов және С.С.Алданазаровпен бірігіп «Жануарлар физиологиясы практикумын» қазақ және орыс тілінде баспадан шығарды. Ол қазақ және орыс тілінде дайындалған «Физиология» атты электронды оқулықтың, қазақ энциклопедиясы үшін биология саласынан жазылған көптеген мақалалардың авторы. Ол бұрынғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында талай-талай қоғамдық жұмыстар атқарып, комсомол, кәсіподақ, партия мектебінен өтті, кәсіподақ бюро төрағасы, партбюро хатшысының міндеттерін атқарып, 1977-жылы институт кәсіподағы комитетінің төрағасы, 1978-1983 жылдары партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол екі рет Алматы қаласының Калинин аудандық атқару комитетінің депутаты, Алматы облыстық Білім қоғамы басқармасының мүшесі болып сайланып, аудандық кеңес депутаттарың тұрақты депутаттық комиссиясына жетекшілік етті.