Басты бет »Түлектер
Әлиев Мұрат Қапбарұлы
Аудан: Байзақ
Әлиев Мұрат Қапбарұлы 1952 жылы 7 ақпанда Байзақ ауданы Түймекент ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1975 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын үздік бітіріп, институтта оқытушы болып бастаған. 1979 жылы Алматы халық шаруашылығы институты аспирантурасының күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1984 жылы КСРО-ның Орта Азия республикалары мен Қиыр Шығысы үшін «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау» мамандығы бойынша диссертация қорғады. 1984 жылы аспирантураны бітірген соң,Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары болып істеді. 1986 жылы Одаққа да таныла бастаған облыстағы ең ірі шаруашылық – «Трудовой пахарь» ұжымшарында аға экономист қызметін атқарды. Жамбыл жеңіл және тамақ институтына қайта шақырылып, «Тұрмыстық қызмет көрсету мен коммуналдық шаруашылықтағы бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Осы институтта істеген жылдары облыс әкімдігінің экономикалық кеңесінің мүшесі ретінде аймақты дамыту бойынша ғылыми талдамалардың жауапты орындаушысы болды. Бірқатар шетелдерде, соның ішінде Ұлыбританияның Ноттингем университетінде (1993ж.), Италияның Милан Боккони университетінде (1996ж.), Нидерландының Маастрихт менеджмет мектебінде (1996ж.) ғылыми тағылымдамалардан өтті. 1996–2000 ж.ж. Жамбыл облысының экономикалық кеңесінің тапсырмасы бойынша «Мойынқұм – Акбақай» арнайы экономикалық аймағының, «Шу» арнайы экономикалық аймағының және «Тараз-2000» Тараз қаласының даму бағдарламасының ғылыми зерттеулерінің жауапты орындаушысы ретінде қатысты.