Главная » Новости

Түлектермен жылы жүздесу

Аудан: Сарысу
Мектеп: Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебі

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының Сәкен Сейфуллин орта мектебі «Түлектермен жылы жүздесу» атты онлайн марафонын бастады. Мектеп ұжымы әр жылы аталмыш мектептен түлеп ұшқан түлектермен жүздесуді дәстүрге айналдырмақ. «Онлайн жүздесудің» ұйымдастырушысы мектеп кітапхана меңгерушісі Эльмира Нурымбетова. Бұл жолы 9 «Ә» сыныбы 1994 жылғы мектеп бітірген түлек Баешова Балзиямен жүздесті. Сынып жетеушісі жансая Мәлтаеваның оқушылары өзекті де мағыналы сұрақтарын ортаға салды. 1994 жылы осы орта мектептен қанат қаққан Балзия Шегетайқызы бүгінде М.Х.Дулати атындағы университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты. Оқушылардың көкейіндегі сұрақтар Б.Баешованың мектеп өміріндегі қызықтардан басталып, бүгінгі тыныс тіршілігіне ұласты. Бірнеше кітаптың авторына қойылған сұрақтар көбінесе мамандық таңдау тұрғысында болды. «Журналистика» мамандығына деген сүйіспеншілігім мектеп оқып жүргенде басталды. Жаңатас қаласынан шығатын «Қаратау кеншісі», «Сарысу газетіне» шыққан әрбір туындым болашаққа қанат бітірді. Қиялымдағы мамандыққа деген талпыныс күн санап артты. Сол асыл арманмен 2000 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік университетінің журналистика мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірдім. 2010 жылы кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Осы жетістігім үшін Сәкен Сейфуллин мектебіне алғысым шексіз» деп тебіренді. Б.Баешова оқушылармен кездесуде. Жүздесу барысында оқушылар да өз сезімдерін, мамандық таңдаудағы талғамдарын ортаға салды. Талғамды кездесуді ұйымдастырушылар осындай игі істердің алдағы уақытта жалғасын табатынын тілге тиек етті. «Еліміздің болашағы -жастар» екені осы кездесуде тағы дәлелденді. Білімді жастардың жанарындағы болашаққа деген құштарлық, сенім ұшқыны ұстаздардың мерейін асырды. Баянды болашаққа жол бастаған жастар өздерінің кемел келешектеріне бек сенімді. Бұл сенімді шәкірттерінің көкірегіне ұялатқан Сәкен Сейфуллин мектебі ұстаздарының еселі еңбегі. Шәкірт тәрбиелеуде еш жалықпаған ұстаздар аман болсын. Елі үшін еңбек ететін шәкірт даярлаудағы жұмыстары жемісті де жеңісті болғай.