Басты бет » Жаңалықтар

Садықова Айман

Аудан: Сарысу
Мектеп: Қызылдиқан орта мектебі

Мен кезіндегі «Жданов», «Қызылдиқан» ауылында туып – өсіп, сол кездегі 8 жылдық мектепті бітірдім де, орта мектепті «Байқадам» атындағы мектепте аяқтадым . Туып өскен жер, алғаш есігін ашқан мектеп, мұғалімдері мен үшін өте қымбат. Білімге деген құштарлық, адамгершілік, адалдық, тәрбиелілік осы мектеп қабырғасында кішкентайымнан қалыптасты деп сенемін. Бір орыс, неміс ұлты жоқ ауылда жүріп орыс тілін үйрендік, неміс тілінде оқи алдық. Бұл еңбек осы пәндерден сабақ берген Күлмағанбетов ағайдың еңбегі. Осы пәндерден арнаулы білімі жоқ болса да бізді үйретті. Математиканы ауызша -ақ есептей беруге үйреткен Қойшыбек ағай, география – биологияны жанымызға жақын еткен Аяпберген ағай, қазақ тілінің байлығын, даналығын, әдебиетін үйреткен Жақсыбек ағай, дене тәрбиесінің мәнін ұқтырған Жақсыбай ағай, бастауыш кластарда сабақ беріп Әліппені танытқан Төлеуов ағай, Иманмусаев ағай, мектеп директоры Ильясов Қуандық ағайларды еске ала берсең жаның жадырайды. Қазір бұл кісілердің бәрі өмірде жоқ. Жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын. Менің білім саласындағы жеткен жетістіктерім осы кісілердің сенімі деп білемін. Құрметті Қызылдиқан орта мектебінің ұжымы - сіздерге денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, алдарыңыздан сауатты, білімді, тәрбиелі ұрпақ шықсын. Әр уақытта ұстаз екендігіңізді ұмытпаңыздар. Бүгінгі оқушы, жас ұрпақ ертеңгі Қазақ елінің іргесін қалап, өркендетушісі. Сіздерге көп рахмет!